Қазақстанның ішкі істер министрлігі боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйеліне іздеу жариялануы туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды +7.kz.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалып, халықаралық іздеу жарияланғанын атап өтті.
«Тергеу жалғасуда. Біз Ресей полициясымен байланыстамыз. Ол ұсталған жағдайда, Бас прокуратура арқылы экстрадиция мәселесін көтереміз», — деді Әділов.
Журналистердің “күдікті Ресей азаматы болса, экстрадиция қалай жүзеге асады?” деген нақтылау сұрағына Әділов:
«Ұсталған жағдайда оны беру мәселесін Бас прокуратура алдында көтереміз», — деді вице-министр.
Айта кетейік, танымал боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі Екатерина Бивол әлеуметтік желіде қазақтар мен қырғыздарды қорлайтын видео жариялаған еді. Осы видеодан кейін Қазақстан мен Қырғызстанда әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалып, іздеу жарияланды.








