Ұлттық ұлан борты жол апатынан қаза тапқан азаматтардың туыстарын Маңғыстауға жеткізеді, деп хабарлайды +7.kz.
Бортта денелерін сәйкестендіру және басқа қажетті рәсімдерді өткізу үшін жол-көлік оқиғасында қаза тапқандардың туыстары ұшып барады.
Борт қаза тапқандардың денелерін өз аймақтарына жеткізу үшін де пайдаланылады. Қаза тапқандардың ішінде бес әйел Қарағанды облысынан, біреуі Астана қаласының тұрғыны.
“Бұл шара қаза тапқандардың отбасыларына жедел көмек көрсету, денелерді сәйкестендіру рәсімдеріне қатысу, оларды тасымалдау және кейінгі жерлеу ұйымдастыру жұмыстарын оперативті шешу мақсатында ұйымдастырылды”, — деді ІІМ ресми өкілі – департамент бастығы Шыңғыс Алекешев.
Еске салсақ, Маңғыстау облысында Toyota Hiace микроавтобусы жол жиегіне аударылып, 10 адам қаза тапқан еді. Жүргізуші мен екі жолаушы қазір ауруханада жатыр.
Фото: Ішкі істер министрлігі








