Фото: depositphotos.com
Мәжіліс Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заң қабылдады, деп хабарлайды +7.kz.
“Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы” заң жобасын парламент депутаттарын әзірлеген.
Құжат азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндірмейтін қылмыстар үшін сотталған адамдарға рақымшылық жасауды қарастырады.
Атап айтқанда, келесі санаттағы адамдар босатылады:
- Қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасағандар;
- Залал келтірмеген немесе келтірген залалды толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар;
- Орташа ауыр қылмыс жасап, әлеуметтік тұрғыда осал топқа жататын азаматтар, залал немесе азаматтық талаптың болуына қарамастан.
Сонымен бірге, онша ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар бойынша қозғалған, бірақ сотта қаралмаған істерді тоқтату, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту көзделіп отыр.
“Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, заң жобасы аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды. Бұдан басқа, заң жобасы қылмыстық жауапкершіліктен босатуды және сотқа дейінгі тергеу органдарының өндірісіндегі 2136 қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды айқындайтын нормаларды қамтиды. Олар бойынша 1 773 адам тергеу органдарының шешімі бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, оның ішінде 99-ы тергеу изоляторларында, ал 1 674 адам бойынша соттар үкім тағайындау кезінде жаза мерзімін қысқарту және босату туралы заң жобасының ережелерін қолдану көзделген. Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, рақымшылық жасамау ұсынылатын қылмыстардың тізбесі айқындалды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 476-бабының 15-тармағына сәйкес, рақымшылық жасауды қолдану туралы түпкілікті шешімді сот әрбір сотталушыға қатысты жеке қабылдайды”, – деді мәжіліс депутаты Абзал Құспан.
Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдарға рақымшылықпен босатылған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру жұмыстары жүктелмек.
Заң жобасының қабылдануы бюджет қаражатын үнемдеуге (жылына шамамен 5 млрд теңге) және ҚАЖ мекемелерінің жүктемесін азайту арқылы сотталғандарды ұстау жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Депутаттың мәлімдеуінше, үнемделген қаржы қылмыстық-атқару жүйесін дамытуға, оның ішінде халықаралық стандарттарға сай камералық түрмелерге көшуге жұмсалатын болады.








