Алматыда автобус пен 4 көлік соқтығысып, 23 адам зардап шекті, деп хабарлайды +7.kz.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ауыр жол-көлік оқиғасы Алатау ауданында, сағат 18:10 шамасында орын алған.
Борандай тасжолымен шығыс бағытта келе жатқан жүк көлігі алдымен Mercedes пен Kia маркалы көліктеріне соқтығысқан. Оқиғадан кейін көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, жолаушылар автобусы мен Subaru көлігіне барып соғылған.
“Жол апаты салдарынан 23 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Аталған оқиға бойынша ресми тергеу басталды” – деп хабарлады қалалық полиция департаменті.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 4 бала №2 балалар ауруханасына, 7 ересек адам №7 Қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.
“Тексеруден және қажетті медициналық көмек көрсетуден кейін олардың барлығы амбулаториялық емделуге жіберілді. Қалған зардап шеккендер Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына жеткізілді”, – деп хабарлады басқармадан.
Ал Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының мәліметіне сәйкес, аурухананың қабылдау бөлмесіне 12 адам келіп түскен. Науқастардың жағдайы орташа ауырлықтағы және қанағаттанарлық деп бағаланған.
“Барлық зардап шеккендерді дәрігерлер қарады, содан кейін олар тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық емделуге жіберілді”, – делінген хабарламада.








