Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданында екі мемлекеттік қызметкер құмар ойын ойнағаны үшін жұмыстан кетті, деп хабарлайды +7.kz.
Олардың букмекерлік кеңседе бәс тіккені анықталды. Бұл жағдай облыстағы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында белгілі болды.
Аудан әкімі Рүстем Елубаевтың айтуынша, бәс тіккендер Ақжар аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы мен Ұялы ауылдық округі әкімінің аппаратындағы бас есепшісі. Екеуі де жұмыстан шығарылды. Бұл деректі прокуратура анықтаған.
Сонымен қатар, 2024 жылдан бері 2025 жылдың ортасына дейін 35 мемлекеттік қызметші түрлі әкімшілік құқықбұзушылық үшін жазаланған. Мысалы, екеуі қоғамдық орында қоқыс тастағаны үшін жауапқа тартылған.
“Биыл 20 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 4 ескерту, 10 сөгіс, 2 қатаң сөгіс және бір қызметкер толық сәйкес болмау туралы ескерту алды”, – дейді Рүстем Елубаев.
Фото: pixabay.com








