Астанада құрылыс алаңында кран аударылып, жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды +7.kz.
Астанада «Абырой» тұрғын үй кешені аумағында қатты жел салдарынан кран аударылған. Оқыс оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады.
Желідегі ақпаратта 18 шілде сағат 20:07 шамасында желден құрылыс алаңында кран мұнарасы аударылып, бір жұмысшы қаза тапқаны жазылған.
Оқиғаға қатысты BI Group құрылыс компаниясы түсініктеме берді.
“Кран техникалық жағынан дұрыс күйде болды және барлық техника сияқты жұмыс басталғанға дейін міндетті тексеруден өтті. Оқиға болған кезде кран операторы жұмысты аяқтаған еді. Өкінішке қарай, кранның құлауы салдарынан бір адам қаза болды. Төтенше жағдай қызметтерінің дауыл туралы ескертуі оқиға болғаннан кейін ғана келді. Біз қаза болған адамның туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз”, — делінген компания таратқан хабарламада.
Оған қоса, BI Group құрылыс компаниясы қаза болған адамның отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін атап өтті.
“Қазіргі таңда оқиға орнында төтенше жағдай қызметтері мен тиісті мамандар жұмыс істеп жатыр. Біз қаза болған адамның отбасына жан-жақты көмек көрсетіп, тергеу нәтижелері бойынша барлық қажетті шараларды қабылдаймыз. Қаза болған адам мердігер ұйымның қызметкері болған”, – деп атап өтті құрылыс компаниясынан.
View this post on Instagram








