Медеуде “Қазавиақұтқару” тікұшағы адамдарды басып кете жаздады, деп хабарлайды +7.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеолардан “Қазавиақұтқару” АҚ-ға тиесілі тікұшақтың әуеге әрең көтерілгенін көруге болады.
Желі қолданушылары тікұшақтың ұшу барысы сол сәтте алаңда болған адамдардың өміріне қауіп төндіргенін атап өтті.
“Қазавиақұтқару” АҚ баспасөз қызметі бұл ұшу алдын ала берілген өтінім бойынша жоспарлы түрде жүргізілгенін мәлімдеді.
“Тікұшақты әуеде ұшу тәжірибесі мол, біліктілігі расталған ұшқыш басқарды. Ұшар алдында бортмеханик азаматтарды қауіпсіз қашықтықты сақтау қажеттігі туралы ескерткен”, – делінген хабарламада.
Мекеме өкілдерінің айтуынша, жағдайға ауа райы себеп болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, тікұшақ ұшқан кезде желдің бағыты мен күші күрт өзгеріп, әуе көлігінің тепе-теңдігін сақтауына кері әсер еткен.
Баспасөз қызметі бұл оқиға бойынша ішкі тексеріс жүргізілетінін және нақты себептер анықталатынын айтты.
View this post on Instagram








