Ақтауда автобус жүргізушілері жұмысқа шағудан бас тартты, деп хабарлайды +7.kz.
Бүгін Ақтауда “Caspian Trans Corporation” ЖШС мен “Каспий Авто Парк” ЖШС тасымалдаушы мекемелерінің қоғамдық көлік маршруттарындағы автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай қалды. Салдарынан бірнеше автобус маршруты уақытша тоқтады.
Жағдайға байланысты облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мәлімдеме жасады.
“Мәселенің мән-жайын анықтау және шешу бойынша әкімдік тарапынан құрылған жедел жұмыс тобы оқиға орнына барды. Автобус жүргізішілері жалақыны көтеру, еңбек жағдайын жақсарту, тамақтану, тынығу уақытын ұзарту сияқты мәселе көтерді. Жұмыс тобы өкілдері мен жұмыс беруші тарапынан қолданыстағы заңнаманың аясында тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, мәселенің шешу жолдары қарастырылатыны айтылды”, – делінген ақпаратта.
Артынша басқарма екіжақты келіссөздер нәтижесінде автобустар штаттық режимде маршрут желісіне қосылғанын хабарлады.








