Ресей мен Украина арасындағы жаңа келіссөз қайда өтетіні туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды +7.kz түркиялық Independent басылымына сілтеме жасап.
Ресей мен Украина арасындағы жаңа келіссөздер осы аптада Стамбулда өтуі мүмкін
Басылымның мәліметінше, Ресей мен Украина делегациялары сәрсенбі немесе бейсенбі күні кездеспек. Алайда кездесудің нақты уақыты, орны және делегация деңгейі туралы мәлімет берілмеген.
Келіссөздер шектеулі тақырыптар бойынша жүргізіледі деп күтілуде. Тараптар гуманитарлық көмек, тұтқын алмасу, инфрақұрылым қауіпсіздігі және шекара маңындағы аудандардағы қауіпсіздік шаралары сияқты мәселелерге назар аударуы мүмкін.
Бұған дейін Түркия Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің үшінші кезеңін өткізуге дайын екенін мәлімдеген еді. Бұл туралы Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан айтқан болатын.
Еске сала кетейік, 16 мамырда Стамбулда Ресей мен Украина делегациялары арасында үш жылдан кейін алғаш рет тікелей келіссөздер өткен еді.
Киев президенттер арасындағы тікелей кездесуді сұраған болатын. Алдымен Мәскеу бұл сұранысты қабылдағанын мәлімдеген. Алайда кейін Кремль Путин мен Зеленскийдің кездесуі үшін белгілі бір шарт қойды. Келіссөздер нәтижесінде тұтқын алмасу туралы келісімге қол қойылды.
Фото: Getty Images








