Қант диабетімен ауыратындар енді дәріні тек МӘМС арқылы алады, деп хабарлайды +7.kz порталы Jibek Joly арнасына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігі қант диабетін МӘМС жүйесі арқылы ғана қаржыландыруды жоспарлап отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі Дәрі-дәрмек департаментінің басқарма басшысы дәрі дәрмекті алу туралы түсіндірді.
“14 шілдеден бастап, МӘМС жүйесіне жаңартылған заң күшіне енді. Бұл өзгеріске сәйкес, 2026 жылдан бастап қант диабетімен ауыратын пациенттер дәрілік заттармен МӘМС жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда науқастардың 96 пайызы сақтандырылған. Олардың қатарына балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар да кіреді. Бұл пациенттер үшін медициналық көмек пен тегін берілетін дәрілік заттарға ешқандай шектеу жоқ”, – деді Гүлдей Бегалиева.
Дәрі-дәрмек департаментінің басқарма басшысы сақтандырылмаған азаматтар мен жұмыссыздардың дәрі-дәрмекті тегін алу үшін не істеуі керектігін түсіндірді.
“Азаматтар сақтандырылу үшін бір жылға 50 мың теңгеден астам қаржы төлеуі керек. Егер бұл төлем жасалса, дәрілер тегін беріледі. Ал жұмыс істемейтін азаматтар жұмыссыз ретінде ресми тіркелуі қажет. Сонда мемлекет оларды өз тарапынан қамтамасыз етеді”, – деді денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.
Фото: pixabay.com








