Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің телефон арқылы не туралы сөйлескені белгілі болды, деп хабарлайды +7.kz порталы Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап.
Бұл туралы Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай айтып берді.
“Келіссөздер достық әрі сенімді сипатта өтті. Негізгі назар Украинадағы қақтығысты реттеуге бағытталды. Владимир Путин АҚШ президентінің арнайы өкілімен өткізілген келіссөздердің нәтижелері жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізілген алдын ала уағдаластықтарды құптап, Қазақстанның соғыс қимылдарын тоқтатуға бағытталған бейбіт жолды іздеуді әрқашан қолдап келе жатқанын атап өтті”, – деді Руслан Желдібай.
Сонымен қатар мемлекет басшылары қазақ-ресей қарым-қатынасына қатысты екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді де талқылады.
“Қазақстан президенті биыл қараша айында жоспарланған Мәскеуге мемлекеттік сапарға айрықша мән беретінін атап өтті. Бұл сапардың басты мақсаты – стратегиялық әріптестік пен одақтастық рухындағы жан-жақты ынтымақтастықты тереңдету”, – деп атап өтті президенттің баспасөз хатшысы.
Фото: Ақорда








