Қайрат Боранбаевқа тиесілі Алматы облысы Шамалған ауылындағы жер телімі аукционда сатылды, деп хабарлайды +7.kz.
БАҚ мәліметінше, бұл жер телімі бұған дейін бизнесмен Қайрат Боранбаевқа тиесілі “Almaly” холдингіне қарасты болған.
Жердің бастапқы бағасы 217 миллион теңге болып белгіленген және дәл осы сомаға сатылған.
“Аукцион толық ашықтық және жариялылық жағдайында өтті, бұл барлық қатысушыларға тең қолжетімділікті қамтамасыз етті”, – деп мәлімдеді Қайтарылған активтерді басқару компаниясы.
Түскен қаражат арнайы мемлекеттік қорға бағытталады. Бұл қордың ресурстары білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік жағынан осал топтарды қолдау сияқты басым әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.
Биыл шілде айында Алматы облысында мыңдаған гектар жер сатылымға қойылғаны хабарланған еді. Барлығы 10 жер телімі аукционға шығарылды, олардың басым бөлігі Шамалған ауылында орналасқан. Саудаға қойылған ең қымбат жер телімі 474,7 миллион теңгеге бағаланған. Аумағы 4761,4 гектар болатын бұл жер телімі Алматы облысы Жамбыл ауданында орналасқан және ауыл шаруашылығымен айналысуға арналған.
Фото: auction.e-qazyna








