Қаржы министрлігі банк шоттары мен аударымдарды тексерудің жаңа ережелері дайындалып жатыр, деп хабарлайды +7.kz.
Қаржы министрлігі активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсыруға міндетті азаматтардың шоттарындағы ақша қозғалысы туралы деректерді беру тәртібін нақтылайтын бұйрық жобасын талқылауға шығарды.
Жобаға сәйкес, екінші деңгейлі банктер табыс пен мүлік туралы декларация тапсыратын жеке тұлғалардың шоттары жөнінде салық органдарына егжей-тегжейлі ақпарат беруге міндетті болады.
Тізімге мынадай деректер кіреді:
- шот нөмірлері мен ондағы қалдық қаражаттар;
- жыл ішінде ақша қозғалысы;
- мұндай тұлғаларға берілген несиелер, олардың өтелген сомалары мен есептелген пайыздары көрсетіле отырып;
- 20 мың АЕК-тен асатын (2025 жылы 73 миллион теңгеден жоғары) мүлік сатып алу кезіндегі шоттағы қаражат қозғалысы.
Қаржы министрлігінің айтуынша, жаңашылдықтың мақсаты — жаппай декларациялау аясында азаматтардың табысы мен мүлкіне бақылауды күшейту. Салық органдары ірі мәмілелерді қашықтан қадағалап, оларды тапсырылған декларациялармен салыстыра алады. Бұл, жоспар бойынша, неғұрлым әділ салық салуды қамтамасыз етіп, бюджетке түсімді арттырып, көлеңкелі экономиканы азайтуға көмектеседі.
Бұған дейін қолданыстағы тәртіп бойынша банктер шоттар мен несиелер туралы тек жалпы ақпарат қана беретін. Енді жаңа Салық кодексінің ережелеріне сәйкес тізім нақтыланып, кеңейтіліп отыр. Жобада бұл өзгерістер азаматтар үшін қосымша қауіп төндірмейтіні, бірақ бақылаудың ашықтығын күшейтетіні атап өтілген.
Құжат “Ашық НҚА” порталында қоғамдық талқылауға ұсынылған.
Еске сала кетейік, Қазақстанда қыркүйек айынан бастап мобильді аударымдарды тексерудің жаңа ережелері күшіне енеді.








