Қазақстан әуежайларында енді тасымалдауға тыйым салынған заттар сақталмайды, деп хабарлайды +7.kz.
Қазақстан әуежайларында авиациялық қауіпсіздік жүйесін халықаралық тәжірибе мен стандарттарға сәйкестендіру мақсатында әуе көлігімен тасымалдауға тыйым салынған заттарды әуежайда сақтау тәжірибесі тоқтатылады.
“Жолаушыларға әуе көлігімен тасымалдауға тыйым салынған заттардың тізімімен алдын ала танысып шығу ұсынылады. Бұл туралы толық ақпарат әуе компаниялары мен әуежайлардың ресми сайттарында, сондай-ақ тіркеу және тексеру пункттерінде бар. Мысалы, қол жүгінде тасымалдауға тыйым салынған заттар қатарына сыйымдылығы 100 миллилитрден асатын сұйықтықтар, аэрозольдер, гельдер және өзге де қауіпті заттар жатады”, – делінген көлік министрлігі таратқан хабарламада.
Авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес зауыттық қаптамасы жоқ өнімдерді тасымалдауға рұқсат етілмейтінін еске саламыз. Атап айтқанда, бұл бал, джем, сүт және үй жағдайында дайындалған басқа да өнімдерге қатысты. Мұндай заттар тексеру кезінде тәркіледі.
Фото: depositphotos.com








