Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин Оңтүстік Кореяға жұмысқа заңсыз баратын отандастарымызға ескерту жасады, деп хабарлайды +7.kz.
“Аталған мәселе бойынша министрлік біраз жұмыс істеді. Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп Оңтүстік Корея тарапымен меморандум жасасу жөнінде келіссөз жүргізіліп жатыр. Жақында ғана кездесу өтіп, Қазақстанның EPS платформасына қосылу мүмкіндігі талқыланды. Бұл еңбек мигранттарына рұқсат беру жүйесі, қазір Оңтүстік Корея тарапынан ресми жауапты күтіп отырмыз”, – деді Олжас Анафин.
Сондай-ақ ол Қазақстаннан шетелге заңсыз барған жұмысшылар көші-қон ағыны жүйесі арқылы бақылауда болатынын айтып отыр.
“Шетелде 183 күннен артық жүрген барлық азаматты тіркейміз, егер басқа мемлекет аумағында заңсыз жүргені расталса, оларға санкциялық шара қолданылады. Консулдықта біздің азаматтармен тікелей жұмыс істейтін полиция атташелері бар”, – дейді ол.
Фото: pixabay.com








