“Қазгидромет” РМК синоптиктері 4-6 қыркүйек аралығына арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды +7.kz.
Синоптиктердің болжамынша, атмосфералық фронтальды бөліктер ел аумағының көп бөлігінде тұрақсыз ауа райын тудырады. 4-5 қыркүйекте батыста жаңбыр мен найзағай күтіледі, 5-6 қыркүйекте солтүстік-батыста бұршақ аралас қатты жаңбыр және екпінді жел болжанады.
Ал демалыс күндері оңтүстікте, оңтүстік-шығыста, орталық пен шығыста антициклон сілемінің ықпалынан жауын-шашынсыз ашық ауа райы күтіледі. Көптеген өңірлерде жел күшейеді, елдің солтүстік жартысында түнгі және таңғы уақытта тұман түседі.
“Шығыста және солтүстік-шығыста 5 қыркүйекте, 4-5 қыркүйекте орталықта түнгі уақытта ауа температурасы +2, +10 градусқа дейін төмендеп, топырақ бетінде 2 градусқа дейін үсік жүреді”, – делінген хабарламада.
Батыс облыстарда күндізгі температура +18, +33 градустан +15, +27 градусқа дейін төмендейді. Солтүстікте, керісінше, +17, +28-ден +25, +30 градусқа дейін көтеріледі. Орталықта да +20, +32-ден +25, +35 градусқа дейін жылы болады деп болжанады. Шығыс өңірлерде негізгі температуралық фон +12, +25 градус болады. Оңтүстікте ауа температурасы +30, +35-тен +33, +38 градусқа дейін ауытқиды, ал оңтүстік-шығыста +22, +30 градустан жоғарылап, таулы аймақтарда +12, +17-ден +28, +33 градусқа дейін көтеріледі.
Фото: pixabay.com








