Ақтөбеде 15 жастағы жасөспірім күрес кезінде мойнын сындырып алған, деп хабарлайды +7.kz.
Желіде 2010 жылы туған жасөспірімнің есін жоғалтқан видеосы пайда болған еді. Желі қолданушылары бала қаза тапты деп пікір қалдырған. Алайда, спортшы тірі болып шықты. Ол қазір Астанадағы медициналық орталыққа жеткізілген.
“Ақтөбе облысынан шыққан, 50 килограммға дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшы, I спорттық разряд иегері және тәжірибелі балуан, техникалық әрекет жасап жатқанда мойын омыртқасын зақымдап, есінен танып қалды. Оқиға орнында реаниматолог дереу жүрек–өкпе реанимациясын жүргізді. Содан кейін спортшы Ерейментау аудандық ауруханасына жеткізілді. Сол жерде жүрек қызметі қалпына келтіріліп, жас балуан жасанды тыныс алу аппаратына қосылды”, — деп хабарлады Ақмола облысы спорт басқармасы.
Спорт басқармасы барлық қатысушылар жарыс алдында медициналық тексеруден өткенін және турнир барысында жедел жәрдем бригадасы қырағылықпен жұмыс істегенін атап өтті. Оқиға болғаннан кейін жарыс тоқтатылған. Зардап шеккен спортшы Астанаға жедел жеткізілді.
“Санитарлық авиация арқылы медициналық орталыққа тасымалдау жүргізілді. Қазіргі уақытта оған қажетті жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілуде”, — деп хабарлады Қазақ Күресі Ассоциациясы.
Ассоциация турнирдің ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жоспарына енгізілген ресми жарыстар тізіміне кіретінін мәлімдеді.
“Қазіргі уақытта жас спортшыға барлық қажетті көмек көрсетілуде, Ассоциация жаттықтырушылары медициналық мекемелермен тұрақты байланыста”, — деп қосылды Ассоциациядан.
Қазір бала Астанадағы қарқынды терапия бөліміне жатқызылған.
“2010 жылы туған бала санитарлық авиациямен көпбейінді қалалық №2 балалар ауруханасына жедел жеткізілді. Жеткеннен кейін бірден ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас балалар нейрохирургы қатысқан консилиум өткізілді. Қысқа уақыт ішінде қарқынды терапия басталды. Пациент анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде жатыр”, — деп хабарлады Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы.








