Түркістан облысында ер адам әйелін өлтіріп, артынша өзіне қол салған, деп хабарлайды +7.kz.
Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылында отбасылық жанжал қайғылы жағдайға ұласты. Әлеуметтік желілерде тараған деректерге сәйкес, 14 жыл некеде тұрған ерлі-зайыптылардың арасындағы кикілжіңнен кейін ер адам әйелін қатыгездікпен ұрып, оның өліміне себеп болған.
Оқиғадан соң күдікті өзіне қол жұмсаған. Ерлі-зайыптының кәмелетке толмаған төрт баласы жетім қалды. Қазір бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.
“Алдын ала мәлімет бойынша, жергілікті тұрғын үй жағдайында жұбайына дене жарақатын салған. Салдарынан ол қайтыс болған. Осы оқиғадан соң ер адам қылмыстың себептерін сипаттайтын аудиожазба қалдырып, өзін-өзі өлтірген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар атқарылып жатыр”, – делінген Түркістан облысы Полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Полиция департаменті тергеу барысы басшылықтың қатаң бақылауында екенін мәлімдеді. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.
Фото: pihabay.com








