Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев қызметінен кетті, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Малыбаев қызметтен босатылу туралы рапорт жазып, ішкі істер министрінің бұйрығымен лауазымынан босатылған.
Айта кетейік, Бақытжан Малыбаев бұл қызметке 2024 жылдың қыркүйегінде тағайындалған болатын.
Бақытжан Малыбаев 1969 жылдың 23 шілдесінде Жамбыл облысы Қордай ауданы Қызылтас ауылында дүниеге келген. 1990 жылы ішкі істер органдарында қызметін бастаған.
1990–2016 жылдар аралығында ішкі істер органдарында орта және аға басшылық құрамдағы түрлі қызметтер атқарған.
2016 жылдан – Астана қаласы ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы.
2018–2019 жылдары – Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары.
2019 жылдан – Астана қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары.
2022 жылдың қарашасынан 2024 жылдың қыркүйегіне дейін – Көліктегі полиция департаментінің бастығы.
Еске сала кетейік, тамыз айының соңында Бақытжан Малыбаевтың бұрынғы орынбасары ұсталған болатын. Ұсталған полиция департаменті бастығының орынбасарының кім екені нақты айтылмаған.
Фото: gov.kz








