Алматыға “Қайрат” – “Реал Мадрид” матчын тамашалау үшін 5 мыңнан астам шетелдік турист келген, деп хабарлайды +7.kz.
Бүгін, 30 қыркүйекте, алматылық “Қайрат” Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы өз алаңындағы матчын мадридтік “Реалға” қарсы өткізеді. Маңызды ойын Орталық стадионда өтеді.
26-29 қыркүйек аралығында Алматыға матчқа байланысты 5 мыңнан астам шетелдік келгені нақтыланады. Қазақстанның басқа өңірлерінен келген жанкүйерлерді ескере отырып, туристердің жалпы саны ондаған мың адамға жеткен.
“Негізгі туристер ағыны Қытай, Үндістан, Ресейден, сондай-ақ Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия және басқа мемлекеттерден келді”, – делінген Туризм басқармасының хабарламасында.
Бұған дейін матч кезінде тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Алматы қаласы полиция департаментінің 2 382 қызметкері тартылғаны хабарланған. Бақылау-өткізу бекеттерінде металлдетекторлар мен қол сканерлері жұмыс істейді. Стадион аумағында жедел жәрдем көліктері мен өрт сөндірушілер кезекшілік атқарады. Ойыннан кейін жанкүйерлердің ыңғайлығы үшін 60 автобус қатынайтын болады.
Ойынның тікелей трансляциясы 21:35-те “Qazaqstan” және “Qazsport” телеарналарында басталады. Сондай-ақ матчты осы арналардың ресми сайттарынан көруге болады.
Фото: olympic.kz








