FlyArystan әуе компаниясы Алматы авиациялық көлік прокуратурасының араласуынан кейін қол жүгінде duty free дүкендерінен сатып алынған тауарларды алып жүру ережелеріне өзгерістер енгізді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Айта кетейік, жолаушылар FlyArystan қызметкерлері duty free дүкенінен сатып алынған тауарларды қол жүгінің салмағымен бірге өлшейтінін және артық салмақ болса, жолаушыларды қосымша төлем жасауға мәжбүрлейтінін айтып шағымданған еді. Сол кезде FlyArystan әкімшілігі қазақстандықтың жазбасына түсініктеме бере отырып, жолаушыда болатын тауарлар, соның ішінде duty free дүкендерінен сатып алынған заттар, қол жүгінің құрамына кіреді деп мәлімдеген болатын.
Әуе компаниясының қызметін талдау барысында duty free саудасынан сатып алынған өнімдерді тегін тасымалдауға қатысты шектеулердің заңға қайшы екені анықталды. Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде FlyArystan өз ішкі қағидаларын түзетті.
“2025 жылғы 1 қазаннан бастап халықаралық рейстердің жолаушылары duty free тауарларын қол жүгінде тегін алып өте алады. Жаңартылған құжат әуе компаниясының ресми сайтында жарияланады”, — делінген хабарламада.
Прокуратурада мұндай өзгерістер заңнаманы бірыңғай қолдануды қамтамасыз етіп, жолаушылар үшін түсінікті жағдайлар қалыптастыратынын және әуе компаниясы жұмысының ашықтығын арттыратынын атап өтті.
Фото: depositphotos.com








