Алматы тауларында өткен әуесқой жүгіру жарысы кезінде 70 жастағы спортшы көз жұмды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
19 қазанда болған бұл қайғылы оқиға туралы ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде мәлімдеген.
“Біздің қатысушымыз – 70 жастағы Владимир Кривенцов қайтыс болды. Владимир КСРО-ның теңіз көпсайысы мен шаңғы жарысы бойынша спорт шебері, ҚР чемпионы және полиатлон, президенттік көпсайыс, қысқы көпсайыс сияқты спорт түрлері бойынша бірнеше дүркін жүлдегер болған. Ол біздің жарыстарымыздың тұрақты қатысушысы еді”, – делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайғылы жағдай жарыс басталғаннан кейін болған. ТЖД экипажы алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ер адамды “Медеу” кешенінің құтқару бөлімшесіне жеткізген, алайда көрсетілген шаралар нәтижесіз болған.
“Владимир тәжірибелі спортшы, түрлі жарыстардың тұрақты қатысушысы болатын. Ол жарыс алдында медициналық тексеруден өтіп, спортпен айналысуға қарсы көрсетілімі болмаған. Әрқашан жарысқа күлімдеп шығып, белсенді өмір салтының үлгісін көрсететін. Көпшілігіміз үшін ол рухтың күші мен шабыттың символы болды. Спорттың жасқа қарамайтынын дәлелдеген жан еді”, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Сонымен қатар, ұйымдастырушылар марқұмның жақындарына материалдық көмек көрсетілетінін айтты.
Фото: instagram.com/athletex_kz








