Шығыс Қазақстан облысында жолдарды күтіп ұстауға бөлінген 120 миллион теңге жымқырылған, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
“Таза Өскемен” шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы басшылығына қатысты қала көшелерін күтіп-ұстауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізілуде.
Күдіктілердің арасында кәсіпорынның бұрынғы директоры, оның орынбасары және жеке кәсіпкер бар. Лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, күдіктілер 2022-2023 жылдар аралығында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен, жүйелі түрде бюджет қаражатын өздерімен байланысы бар коммерциялық құрылымдардың есепшоттарына заңсыз аударып отырған.
Қылмыстық схеманың мәні – материалдарды жеткізу және техниканы жалға алу бойынша жалған құжаттар рәсімдеуде болған.
“Атап айтқанда, құжаттарда жолдарды жөндеуге арналған битум мен құм сатып алу, суды соруға арналған арнайы техника жалдау, сондай-ақ бұған дейін орнатылған 23 аялдама павильонын жасауға қажетті материалдар сатып алу туралы жалған деректер көрсетілген. Кейін бұл қаражат жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген”, – делінген ақпаратта.
Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдіктілер Өскемен қаласындағы қымбат тұрғын үй кешенінен пәтер, “BMW X6M” және “Subaru Forester” автокөліктерін, сондай-ақ жер учаскелерін сатып алған. Аталған мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.
“Кәсіпорынның бұрынғы директорына қатысты бұлтартпау шарасы ретінде екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі шара қолданылды. Тергеу жалғасуда. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілуге жатпайды”, – делінген ақпартта.
Фото: depositphotos.com








