Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт кезінде балалар үйінде 35 кәмелетке толмаған бала мен мекеме қызметкерлері болған. Барлығы эвакуацияланды, зардап шеккендер жоқ.
Әкімдіктің мәліметінше, балалар уақытша сауықтыру санаторийіне орналастырылған, онда оларға қажетті көмек пен қолдау көрсетілуде.
“Балаларға тамақ берілді, бөлмелерге орналастырылды, сырт киіммен, азық-түлікпен және жеке гигиена құралдарымен қамтамасыз етілді, сондай-ақ тәттілер берілді”, – деп хабарлады әкімдік.
Оқиға орнында әкімдік пен қалалық қоғамдық кеңес өкілдері, Наурызбай ауданының қамқоршылық органдары, Отбасыны қолдау орталығы және Алматы қаласының Балаларды қолдау орталығы жұмыс істеп жатыр.
Министрлік балалардың жағдайы жақсы екенін және олардың қауіпсіз жерде екенін мәлімдеді.
“Қазір барлық тәрбиеленушілердің жағдайы жақсы, олар қауіпсіз орында. Медициналық қызметкерлер тексеру жүргізді, сондай-ақ психологиялық көмек көрсетілді. Балаларға қашықтан оқу ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта балаларды әрі қарай орналастыру мәселесі шешіліп жатыр”, – делінген ведомство хабарламасында.
Анықталғандай, бұл балалар үйі – жеке қайырымдылық ұйымы.
Айта кетейік, Ірі өрт 9 қараша күні Алтын Орда көшесі, 6а мекенжайында орналасқан “Перзент” атты жеке қайырымдылық балалар үйінің аумағында болған. Құтқарушылардың мәліметінше, аумақта асхана ғимараты мен оған жапсарлас үш қабатты ғимараттың шатыры өртенген. Оқиға орнына Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мен қалалық құрылымдық бөлімшелердің басшылары барды.
Фото: Алматы әкімдігі








