Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде үздік бестікке енді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық санаттар бойынша жаңартылған рейтингті ұсынды.
Эр-Риядта өткен маусымның қорытынды турнирінде жеңіске жеткен Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина америкалық Джессика Пегуланы артта қалдырып, рейтингте бесінші орынға көтерілді. Осылайша ол өз мансабындағы ең жоғары көрсеткіші — үшінші орынға жақындай түсті.
Турнирден кейін Рыбакина 2026 жылғы жаңа маусымда осы қарқынын сақтап, одан әрі жетістікке жетуге ниетті екенін айтты.
“Бұл титул мені бұрынғыдан да көп еңбектенуге ынталандырады. Біз жарыстар арасында жақсы прогресс жасадық. Тіпті бабымда болмаған сәттерде де жақсы ойнадым. Әрбір маңызды матч – үлкен тәжірибе. Бұл жолы бәрі мен қалағандай өтті. Алдағы кездесулерде осы жеңістен алған күш пен сенімді жалғастырғым келеді”, — деді теннисші.
Серена Уильямстың бұрынғы бапкері Рик Маччи әлеуметтік желідегі парақшасында Рыбакинаның 2026 жылы әлемнің бірінші ракеткасы атануға толық мүмкіндігі барын атап өтті.
Әлемдік рейтингтің көшін әлі де Беларусь өкілі Арина Соболенко бастаса, Ига Швентек (Польша) екінші, ал Кори Гауфф (АҚШ) үшінші орында тұр.
Тағы бір қазақстандық спортшы Юлия Путинцева өз позициясын сақтап, 73-орында қалды.
Жұптық сында Анна Данилина 13-орыннан 15-ке түсті, Юлия Путинцева 105-тен 106-орынға сырғыды, ал Жібек Құламбаева 132-ден 130-орынға көтерілді.
Фото: ktf.kz








