Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары қарсаңында Мәскеуде дайындық басталып, қала көшелері Қазақстанның туымен безендірілді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
“Қазақстанның көк туы Мәскеу көшелерінде желбіреп тұр. Қаладағы көрікті жерлердің бірі – Останкино телемұнарасы біздің байрақпен безендірілді. Ресей астанасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапарына дайындалып жатыр”, – делінген Ақорданың хабарламасында.
Еске салайық, 11–12 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге мемлекеттік сапармен барады. Мемлекет басшысы Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөздер жүргізеді деп жоспарлануда, сондай-ақ ол Орал қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің XXI өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына бейнеконференция форматында қатысады.
Сапар аясында бірқатар маңызды екіжақты құжаттарға қол қою жоспарлануда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде жаңа декларацияға қол қойылатынын мәлімдеді. “Российская газета” басылымына шыққан “Мәңгілік достық — халықтарымызға жол сілтер темірқазық” атты авторлық мақаласында Мәскеудегі сапарының басты мақсатына тоқталды.
“Менің Мәскеуге сапарымның күн тәртібі кең. Соның ішінде Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көшуі туралы декларацияға қол қою басты мәселе болмақ. Әрине, бұл құжат екіжақты байланыстың жаңа дәуірін ашып, өзара сенімділіктің бұрын-соңды болмаған деңгейін және барлық бағыт бойынша тығыз жұмыс істеуге бірлескен дайындықты бастайды”, — дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Скриншот








