Депутат Қазақстанда кішкентай балалары бар ата-аналар үшін жұмыс күнін бір сағатқа қысқартуды ұсынды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бұл бастаманы мәжіліс отырысында Еңбек кодексіне енгізілетін түзетулерді талқылау кезінде депутат Қарақат Әбден көтерді.
“Ата-ананың баласының жанында өткізе алатын қосымша бір сағаты – баланың болашағына жасалған инвестиция, отбасының тұрақтылығы, қоғамның беріктігі. Бұл – ата-ананың баласын балабақшадан уақытында алып, оның тәрбиесіне мен денсаулығына көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді”, – деді депутат.
Депутаттың сөзінше, бұл мәселені ол бұған дейін үкімет деңгейінде көтерген, бірақ әзірге шешім қабылданбаған.
Депутат көптеген дамыған елдерде кішкентай балалары бар ата-аналар үшін жұмыс күнін немесе аптасын қысқарту тәжірибесі ұзақ уақыттан бері қолданылады және бұл тәжірибе тиімді әрі ғылыми тұрғыдан дәлелденгенін атап өтті.








