ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18 % деңгейінде қалдырды, деп хабарлайды +7.kz.
Шешім болжамды раундтың нәтижесіне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағаларына және инфляциялық тәуекелдердің жалпы балансына негізделген.
“Жылдық инфляция қазанда 12,6% болды (қыркүйекте – 12,9%). Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 13,5%-ға (12,7%) және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 11%-ға (10,8%) дейін қарқын алды. Қызметтердегі бағаның өсуі реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге бағаның әкімшілік төмендеуі салдарынан 12,9%-ға (15,3%) дейін баяулады. Жоғары инфляциялық динамика ұсыныс мүмкіндігінен жүйелі түрде асып түсетін орнықты сұраныс жағдайында қалыптасады”, – делінген Ұлттық банк мәліметінде.
Жекелеген тауар нарықтарында сақталып отырған теңгерімсіздік, орнықты сұраныс, импорттың қымбаттауы және шығындардың өсуі аясында азық-түлік компоненті бұрынғыша инфляцияға көптеп үлес қосты. Сервистік инфляцияның үлесі азайды, алайда бағаның өсу қарқыны баяулағанына қарамастан, маңызды күйінде қалып отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляцияда жанармай мен фармацевтикалық өнім бағасының өсуі жеделдегені байқалады.
Қазанда айлық инфляция 0,5%-ға дейін айтарлықтай баяулады, алайда базалық инфляция 1% деңгейінде – жоғары күйінде қалды. Бұл бір жылға есептегенде 12,2% сәйкес келеді. Сонымен қатар, тұтыну қоржынындағы тауарлар мен қызметтердің шамамен 80%-ы 5 пайыз таргеттен жоғары қарқынмен қымбаттайды. Осының бәрі баға қысымының орнықтылығы мен кең қамтуын көрсетеді. Бұл проинфляциялық динамика фискалдық және үдемелі квазифискалдық ынталандырудың, сондай-ақ артқан тұтынушылық сұраныстың әсерінен күшейеді.
Мұнымен қоса, инфляцияның 2025 және 2026 жылдарға болжамы қайта қаралды. 2025 жылы инфляция 12-13%, 2026 жылы 9,5-12,5% шегінде ескерілген. 2027 жылдың қорытындысы бойынша ол 5,5-7,5%-ға дейін баяулайтыны айтылып отыр.








