Сенаторлар “Архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңды бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Құжат Еңбек кодексіне және 12 қолданыстағы заңға, оның ішінде балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Нормалардың қатарында педофилияны және дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттайтын ақпаратты қоғамдық кеңістікте, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация желілері мен онлайн-платформалар арқылы орналастыруды шектеу бар.
«Дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттауды шектеуге бағытталған нормалар жас ұрпақты антиәлеуметтік құбылыстардан қорғауға, отбасы институтын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және рухани-адамгершілік тәрбиені қамтамасыз етуге жағдай жасайды», – деді сенатор Амангелді Есебай отырыс барысында.
Қорытындыда депутаттар Сенаттың тұрақты комитеттерінің ескертулері мен ұсыныстары жоқ екенін атап өтті. Дауыс беру нәтижесі бойынша заң бірінші оқылымда мақұлданды. Сенаторлар оны екінші оқылымда бүгін, 18 желтоқсанда қарайды.
Фото: pixabay.com








