Ақтөбе облысында Темір қаласының әкімі Еркін Далмағанбетовтің мәйіті табылды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін бірқатар БАҚ Темір қаласының әкімі Еркін Далмағанбетовтің өз үйінің ауласынан өлі күйінде табылғанын хабарлаған еді. Қайғылы оқиға 20 желтоқсан күні кешке болған.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті әкімнің қайтыс болғанын растады. Аталған дерек бойынша тергеу басталды.
“Суицид фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды”, — деп мәлімдеді Ақтөбе облысы ПД өкілдері.
Белгілі болғандай, Еркін Далмағанбетовті соңғы рет достары және сыныптастарымен кездесуге барған.
“Ол күні достары және сыныптастарымен бірге болған. Олардың айтуынша, ешқандай күмәнді жағдай байқалмаған. Кейін ол “қазір қайтып келемін” деп шығып кеткен, алайда қайта оралмаған. Достары оны іздеп, үйіне барған кезде мәйіт табылған», — деп түсіндірді Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықов.
Әріптестерінің сөзінше, марқұмның артында кәмелет жасына толмаған алты баласы қалған.
Айта кетейік, Темір қаласы әкімдігінің ресми сайтында қала әкімі ретінде Еркін Далмағанбетов көрсетілген.
Ресми деректерге сәйкес, Еркін Далмағанбетов Темір қаласының әкімі қызметіне 2024 жылдың маусым айында тағайындалған.
Әкім болып тағайындалғанға дейін ол түрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде басшының орынбасары болып жұмыс істеген, сондай-ақ жеке компаниялардың бірін басқарған.
Фото: gov.kz








