Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мемлекеттік шекара арқылы тауарларды заңсыз әкелу арнасын тоқтатты, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Аталған іс бойынша Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік кірістер департаменті басқармаларының бірінің басшылығы құрамындағы лауазымды тұлға, сондай-ақ Астана қаласының тұрғыны ұсталып, қамауға алынды.
Тергеу мәліметінше, олар ақшалай сыйақы үшін шетел азаматтарына халық тұтынатын тауарларды Қазақстан аумағына кедергісіз енгізуге көмектескен. Қандай тауарлар екені нақтыланбады.
Күдіктілердің 100 миллион теңгеден астам көлемде пара алғаны құжат жүзінде дәлелденді.
Алдын ала бағалау бойынша, мемлекетке келтірілген залал 1,9 миллиард теңгені құрайды. ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2025 жылдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қорытындысын жариялаған болатын.
ҰҚК мәліметінше, өткен жылы 895 адамның заңсыз әрекеті әшкереленіп, 1 052 қылмыстық іс қозғалған. Оның 969-ы бойынша тергеу аяқталып, 860 іс сотқа жолданған.
Комитет өкілдері анықталған құқықбұзушылықтардың басым бөлігі парақорлық пен бюджет қаражатын жымқыруға қатысты екенін атап өтті.








