Алматы облысының көпбейінді клиникалық ауруханасында бірнеше науқасқа, оның ішінде бір балаға өмір сыйлаған мультиорганды трансплантация жасалды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Дәрігерлік консилиумның қорытындысы бойынша 1979 жылы туған пациентте ми өлімі тіркелген. Марқұмның отбасы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген.
“Процестің барлық кезеңін ұйымдастыру мен үйлестіруді Трансплантация және жоғары технологиялы медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық қамтамасыз етті. Операция барысында екі бүйрек, жүрек, бауыр және көздің қасаң қабықтары алынды”, – делінген денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Аталған ағзалар республикалық күту тізімінде тұрған бірнеше науқастың, оның ішінде бір баланың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Денсаулық сақтау министрлігінде донордың туыстарына алғыс білдіріп, олардың батылдығы мен өзге адамдардың өмірін сақтауға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі








