Ирандағы жаппай наразылықтардың салдарынан 5 мың адам қаза тапты, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.
Қаза тапқандардың ішінде 500-ге жуық қауіпсіздік қызметкері бар. Иран билігінің мәліметінше, наразылық кезінде болған өлім-жітімге лаңкестік топтар мен қарулы көтерілісшілер себеп болған.
Еске салсақ, Ирандағы жаппай наразылықтар өткен жылдың желтоқсан айының соңында басталған. Қарулы қақтығыстардың басым бөлігі солтүстік-батыстағы күрд аймақтарында тіркелген. Ел басшылығы ел ішіндегі тұрақсыздыққа сыртқы күштердің ықпалы бар екенін бірнеше рет мәлімдеді.
Алайда адам құқықтарын қорғау ұйымдарының деректері ресми мәліметтермен сәйкес келмейді. АҚШ-та орналасқан HRANA ұйымының хабарлауынша, наразылықтар кезінде 3308 адамның қаза тапқаны расталған, тағы 4382 адамның өлімі тексеріліп жатыр. Сонымен қатар 24 мыңнан астам адам тұтқындалған.
Айта кетейік, бұған дейін Иран Лондонда ел туының алынуына байланысты Ұлыбритания елшісін шақыртқан. Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы Ирандағы жағдайға алаңдаушылық білдірді.
Фото: Reuters








