Атырау облысындағы Теңіз және Королевское ірі мұнай кен орындарында мұнай өндіру уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бұл ақпаратты “Теңізшевройл” компаниясы растады.
“Теңізшевройл”мәліметінше, мұндай шешім өндірістік нысандардағы электр энергиясын тарату жүйелерінің кейбірінде орын алған ақауларға байланысты қабылданған.
Компания өкілдері зардап шеккендер жоқ екенін, ал қызметкерлердің қауіпсіздігі – ең жоғары басымдық болып қала беретінін атап өтті. Қазіргі уақытта “Теңізшевройл” техникалық қызметтері оқиғаның нақты себебін анықтау үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ компания мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, туындауы мүмкін салдарды барынша азайтуға күш салып жатқанын жеткізді.
“Теңіз кен орны мен барлық өндірістік нысандар қауіпсіз жағдайда және сенімді қорғауда”, – деп мәлімдеді “Теңізшевройл” өкілдері.
Еске салайық, 18 қаңтар күні таңертең Атырау облысы Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында орналасқан үшінші буын зауытында өрт шыққан болатын. Кейін белгілі болғандай, кен орнында әртүрлі уақытта трансформаторлар жанған. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.
Фото: gov.kz








