Шымкентте жол-көлік оқиғасы жаппай төбелеске ұласып, салдарынан бір адам қаза тапты. Оқиғаның жаңа мән-жайлары белгілі болды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Жол-көлік оқиғасы 20 қаңтар күні Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған. Апаттан кейін жүргізушілер арасында жанжал туындап, оған үшінші көлікпен келген адамдар да араласқан. Төбелес барысында бірнеше адам пышақ жарақатын алғаны хабарланды. Зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізілді, олардың бірі көз жұмды.
Аталған дерек бойынша адам өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Полиция жол-көлік оқиғасынан кейін ер адамды өлтірді деген күдікпен тұлғаларды іздестіріп жатыр.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккен азаматтың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді.
“1990 жылы туған науқас №1 қалалық клиникалық ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілді. Оған сол жақ кеуде тұсынан өтіп кеткен пышақ жарақаты диагнозы қойылып, шұғыл түрде операция жасалды”, – деп хабарлады басқарма.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта науқастың жағдайы әлі де ауыр, ол жансақтау бөлімінде қарқынды терапия алуда.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков студент Нұрай Серікбайдың резонансты өлімінен кейін қызметінен босатылған болатын.
Посмотреть эту публикацию в Instagram








