Желіде Түркістан облысы білім басқармасына қарасты көпсалалы индустриалды-техникалық колледж жатақханасында қыздарды ер балалар тұратын бөлмені тазалауға мәжбүрлегені туралы видео тарады, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Видеода студент қыздар жатақхана әкімшілігі тарапынан қысым көрсетілгенін айтады. Олардың сөзінше, қыздарды ер балалар тұратын бөлмелерді тазалауға, еден жууға және дәретхананы тазалауға мәжбүрлеген. Ал егер бас тартса, жатақханадан шығарып жібереміз немесе душты өшіріп тастаймыз деп қорқытқан.
Кадрларда студент қыздар мен жатақхана қызметкерлері арасындағы дау көрсетілген. Қыздар ер балалардың бөлмесін жинауға міндетті емес екенін айтып, тазалық жұмыстарын орындаудан бас тартқан.
Бұл жағдайға Түркістан облысының білім басқармасы түсініктеме берді.
“Колледжде 1072 студент білім алады, оның 80-і жатақханада тұрады. 2026 жылғы 23–25 ақпан аралығында өткен облыстық спартакиадаға байланысты жатақханаға жарысқа қатысушыларды уақытша орналастыру қажеттілігі туған. Осыған байланысты тәрбиеші мен вахта қызметкерлері бос тұрған бөлмелерді ретке келтіруге көмектесуді студенттерден ауызша сұраған. Ол кезде ер студенттер болмағандықтан, өтініш қыздарға бағытталған”, – делінген хабарламада.
Басқарманың мәлімдеуінше, осы жағдай кейбір студенттер арасында түсінбеушілік туғызған.
Қазіргі таңда студенттер мен олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Білім басқармасы білім алушылардың құқықтары, заңды мүдделері мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беретінін атап өтті. Сондай-ақ ішкі бақылау күшейтіліп, мұндай жағдайлардың алдын алу шаралары қабылданған. Тексеру қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға құқықтық баға беріліп, тиісті шешім қабылданады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram








