Қазақстанда студенттердің шәкіртақысы алдағы жылдары кезең-кезеңмен көтерілуі мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, соңғы 5 жыл ішінде шәкіртақы мөлшері жыл сайын 20-25 пайызға көтерілді, ал қазір ол 100 пайызға өскен.
“2025 жылы біз бұл бағдарламаны аяқтадық. Енді Үкіметпен бірлесіп, шәкіртақыны жыл сайын арттыру үшін бағдарламаны қайта жаңғыру мүмкіндігін қарастырамыз”, – деді министр.
Сонымен қатар, докторанттар үшін шәкіртақы ай сайын шамамен 254 мың теңге мөлшерінде белгіленгенін атап өтті. Министр бұл көрсеткіштің де алдағы уақытта кезең-кезеңмен арттырылатынын айтты.
Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарында білім алу құнының өзгеру мүмкіндігіне де тоқталды. Министрдің айтуынша, мемлекеттік университеттерде оқу ақысы реттеледі және инфляцияны ескере отырып, 10 пайызға дейінгі шекте түзетуге рұқсат беріледі.
“Биыл да барлық жоғары оқу орнымен кеңесіп, оқу ақысының күрт өсуіне жол бермейміз”, – деді ол.








