Түркістан облысында қарт әкесін жүйелі түрде соққыға жыққан ер адамға қатысты үкім апелляциялық сатыда қайта қарап, үкімді өзгертті, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Сот прокуратураның шағымын қанағаттандырып, сотталған азаматтың жаза мерзімін 5 жылдан 6 жылға дейін ұлғайтты.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 наурыз күні апелляциялық саты прокуратураның жазаны қатаңдату туралы шағымын қанағаттандырған. Сот бұған дейін тағайындалған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын жеткіліксіз деп танып, оны 6 жылға дейін күшейтті.
“Сотталушының жаза мерзімі ұлғайтылды. Бес жылдың орнына алты жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Прокуратура жазаны қатаңдату туралы өтініш білдіріп, ол қанағаттандырылды. Айып тағылған баптар өзгерген жоқ (“Азаптау” және “Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру”), алайда жаза күшейтілді”, – деп түсіндірді сотта.
Сотта ер адамның әрекеттері ауыр және қоғамға қауіпті қылмыстар санатына жататыны атап өтілді. Сот алқасы сотталушының ерекше қатыгездікпен әрекет еткенін анықтаған.
“Анықталғандай, С өз туған әкесінің дәрменсіз жағдайын пайдаланып, оған жүйелі түрде күш қолданған және азаптаған. Ол әкесіне қасақана физикалық әрі психологиялық зардап келтіріп, ерекше қатыгездік танытқан. Бұдан бөлек, әкесі қайтыс болғаннан кейін бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарламай, бірден жерлеу шараларын ұйымдастырған. Осы жағдайлар үкімді қатаңдатуға негіз болды”, – делінген соттың баспасөз қызметі хабарламасында.
Сотталушының жұбайына қатысты, ол бастапқыда іс материалдарында аталғанымен, қылмыстық қудалау тергеу кезеңінде тоқтатылған.
Еске салсақ, 16 қаңтарда Жетісай аудандық соты айыпталушыны Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп таныды.
Сот оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған болатын. Бұған дейін прокурор 6 жыл 2 ай жаза сұраған.
Айта кету керек, қарт адамның қайтыс болуынан кейін бірден полиция оның ұлына қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі “Абайсызда жәбірленушінің өліміне алып келген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Кейін, 24 желтоқсанда іс материалдары сотқа басқа баптармен – 110-бап “Азаптау” және 107-бап “Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру” бойынша жолданғаны белгілі болды. Сот үкімі де осы баптар негізінде шығарылған.
Сотта сонымен қатар марқұмның денесін эксгумациялау кеш жүргізілгені, соның салдарынан оның нақты өлім себебін анықтау мүмкін болмағаны атап өтілді.
Еске салсақ, осыған дейін Түркістанда әкесін ұрып-соққан ер адамның әйелініне қатысты іс қозғалғанын жазғанбыз.








