Ерболат Досаев “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры директорлар кеңесінен шығарылды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Қордың басқару органының құрамын өзгерту туралы шешімді 2026 жылғы 25 наурызда жалғыз акционер қабылдады. Осыған байланысты Ерболат Досаев директорлар кеңесінің құрамынан шығарылды.
“Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 25 наурыздағы Жарлығына сәйкес Досаев Ерболат Асқарбекұлы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен босатылды. Осыған байланысты оның «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілеттігі де тоқтатылды”, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қордың директорлар кеңесінің құрамына алты адам кіреді. Олар: Олжас Бектенов, Болат Жәмішев, Лука Сутера, Вонг Хэн Файн, Нұрлан Жақыпов және Мұхаммед Жәмил әл Рамахи.
Еске сала кетейік, Ерболат Досаев 2025 жылдың желтоқсанында аталған қордың директорлар кеңесінің мүшесі болып тағайындалған еді.
25 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ерболат Досаевты Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен босатты. Бұл лауазымға ол 2025 жылғы 19 қыркүйекте тағайындалған болатын.
Досаев 2022 жылғы қаңтардан бастап Алматы қаласының әкімі қызметін атқарды. 2019–2022 жылдары Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы болды. Ал 2017–2019 жылдары Премьер-Министрдің орынбасары болды.
Оған қоса әр жылдары ұлттық экономика министрі (2014–2016), Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі (2013–2014), Экономикалық даму және сауда министрі (2012–2013), Денсаулық сақтау министрі (2004–2006), Қаржы министрі (2003–2004) қызметтерін атқарған.
Ерболат Досаев 2016–2017 жылдары “Бәйтерек” ұлттық басқарушы холдингін басқарды. Сонымен қатар 2001–2002 жылдары Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы болды.
Фото: Алматы әкімдігі








