Батыс Қазақстан облысында медицина университетінің студенті облыс әкіміне қарсы сотта жеңіске жетті, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Қыз білім беру грантына конкурс жарияланбауына байланысты сотқа арыз түсірген.
Батыс Қазақстан облысының соты Б.-ның өңір әкіміне қарсы білім беру грантына қатысты құқығын қорғау жөніндегі талабын қарады.
Студент Б. қазіргі уақытта медициналық университетте ақылы негізде білім алуда. Сот анықтағандай, ол бұған дейін де білім беру грантын алуға әрекеттенген, алайда жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары оны конкурсқа қатыстырудан бас тартқан. Бұл факт заңды күшіне енген басқа сот шешімімен расталған.
Жаңа сот талқылауы барысында 2025/2026 оқу жылында жергілікті бюджет есебінен “медицина” мамандығы бойынша гранттар бөлінгені және олардың біреуі кейін босап қалғаны белгілі болды.
“Сот уәкілетті орган заңда белгіленген мерзімде бос грантты бөлу бойынша конкурс өткізбегенін анықтады. Бұл тегін білім алуға үміткер тұлғалардың құқықтарының бұзылуына алып келген”, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Студент соттан тек бос орынға конкурс жариялауды ғана емес, сонымен қатар грантты тікелей өзіне беруді және іріктеу ережелерін өзгертіп, тек бірінші курс бағаларын ескеруді сұраған. Алайда сот бұл талаптарды қанағаттандырмады, себебі заң бойынша гранттар тек конкурс негізінде беріледі.
Іс нәтижесінде Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты БҚО әкімдігіне 2026 жылдың жазғы демалыс кезеңінде бос медициналық грантқа конкурс өткізуді міндеттеп, талапкердің осы конкурсқа жалпы негізде қатысу құқығын мойындады.
“Сот шешімі жоғары білімге тең қолжетімділік қағидатын қамтамасыз етуге және білім беру гранттарын бөлу тәртібін сақтауға бағытталған”, – деп түсіндірді соттың баспасөз қызметі.
Шешім заңды күшіне енді. Енді әкімдік алдағы жазда үміткерлер арасында конкурс ұйымдастыруға міндетті.
Фото: depositphotos.com








