Вашингтон мен Тегеран екі аптаға созылатын атысты тоқтату туралы келісімге келді. Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мәлімдегендей, бітім кезеңінде Ормуз бұғазы кеме қатынасы үшін ашық болады. АҚШ президенті Дональд Трамп Иран ұсынған 10 тармақтан тұратын ұсынысты келіссөздер үшін қолайлы негіз деп бағалады. Оның айтуынша, АҚШ пен Иран бұрын келісе алмаған мәселелердің көпшілігі бойынша ортақ келісімге келген, ал екі апталық мерзім мәмілені толық аяқтауға мүмкіндік береді.
Трамптың ұстанымы
Трамп 8 сәуірге қараған түні TruthSocial әлеуметтік желісінде Иранды екі апта бойы атысты тоқтатуға келісетінін жазды. Бұл екіжақты атысты тоқтату туралы шешім. Оның айтуынша, шешім Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф және фельдмаршал Асим Мунирмен жүргізілген келіссөздерден кейін қабылданған. Олар АҚШ-тан Иранға “жойқын күштерді қолданудан бас тартуды” сұраған және бұл Иранның Ормуз бұғазын толық, жедел әрі қауіпсіз ашуымен байланысты болған.

Фото: AP Photo
AFP агенттігіне берген сұхбатында Трамп америкалықтардың “толық әрі сөзсіз жеңіске жеткенін” мәлімдеді. Алайда ол Иран келісімді бұзған жағдайда азаматтық инфрақұрылымды жою туралы бұрынғы қоқан-лоққыларын жүзеге асыра ма, жоқ па — нақтылаған жоқ.
Трамптың пікірінше, келісімге келуде Қытайдың ықпалы болған. Қытай елшілігінің өкілі CNN-ге Қытайдың қақтығыс басталғаннан бері атысты тоқтатуға күш салып жатқанын айтқан. Сонымен қатар Трамп Иранның ураны мәселесі “толық бақылауда болады” деп сендірді.
Трамп АҚШ Ормуз бұғазы ашылғаннан кейін ондағы кептелістерді реттеуге көмектесетінін айтты. Бұдан бөлек, ол ұзақ мерзімге арналған 15 тармақтан тұратын келісім бар екенін, оның көп бөлігі келісілгенін хабарлады.
Иранның мәлімдемесі
Tasnim агенттігі Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің мәлімдемесін жариялады. Онда АҚШ Тегеранның шарттарын қабылдағаны айтылған. Құжатта “дұшпан Иран халқына қарсы заңсыз соғыста тарихи әрі күйрете жеңілді” деп көрсетілген.

Иранның 10 тармақтық жоспарына сәйкес:
- АҚШ шабуыл жасамауға кепілдік беруі тиіс;
- Ормуз бұғазының Иран бақылауында қалуын мойындауы керек;
- Иранның уран байыту құқығын тануы қажет;
- барлық санкциялар алынуы тиіс;
- БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен МАГАТЭ шешімдері тоқтатылуы керек;
- АҚШ Иранға өтемақы төлеуі тиіс;
- аймақтағы әскерін шығарып, барлық бағытта атысты тоқтатуы қажет.
Иран екі апта ішінде АҚШ-пен Исламабадта келіссөз жүргізеді. Бірақ соғыс толық аяқталды деуге болмайдытынын, барлық шарттар толық келісілгеннен кейін ғана Иран атысты тоқтатуға келісетінін мәлімдеді.
Израильдің ұстанымы
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесінің мәлімдеуінше, Израиль АҚШ-тың шешімін қолдайды. Алайда шарт ретінде Иран бұғаздарды дереу ашып, барлық шабуылдарды тоқтатуы тиіс. Бұл бітім Ливанға қатысты емес екені де атап өтілді.
Пәкістан мен Қытайдың рөлі
The New York Times дерегінше, Пәкістан 10 сәуірде Исламабадта АҚШ пен Иран делегацияларының кездесуін ұйымдастырмақ. Иран бұл ұсынысты Пәкістанның дипломатиялық күш-жігері мен Қытайдың араласуынан кейін қабылдаған.
Келісім қаншалықты тұрақты?
Сарапшылардың пікірінше, бұл келісім тұрақты болмауы мүмкін. Себебі тараптар арасында сенім жоқ. Кейбіреулер мұны АҚШ-тың уақыт ұту әрекеті деп бағалайды. Сонымен қатар Иран да ресурстарының шектеулі болуына байланысты келісімге мүдделі.
Егер Иран жоспарының бір бөлігі іске асса, бұл АҚШ үшін Вьетнам соғысынан кейінгі ең ірі стратегиялық жеңіліс болуы мүмкін деген пікір бар.
Мұнай мен газ бағасы

8 сәуірде Brent маркалы мұнай бағасы барреліне $94-ке дейін төмендеді — бұл 11 наурыздан бергі ең төменгі көрсеткіш. Бағаның түсуі Ормуз бұғазының ашылуы туралы жаңалықтан кейін байқалды.
Қытайдағы мұнай өңдеу зауыттары Иран мұнайын белсенді сатып ала бастаған. Еуропада газ бағасы да 18,5%-ға төмендеп, $518,6 болды.
Сарапшылардың айтуынша, бұғаздың ашылуы тәулігіне 16,5 млн баррель мұнайдың нарыққа шығуына мүмкіндік береді. Алдағы 2–3 аптада бұл жеткізілімдер Еуропа мен Азияға жетіп, нарықтағы тапшылықты азайтады.
Дегенмен, сұйытылған газ нарығында жағдай күрделі: Катардың экспорттық қуатының 17%-ы жоғалған. Ал БАӘ, Катар және Бахрейндегі алюминий өндірісі жылына 2,5 млн тоннаға қысқарған.








