Абай облысының Үржар ауданында алты баланы қағып кеткен жүргізуші дереу ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды +7.kz.
Облыстық полиция департаменті қылмыстық істі тергеп жатыр.
Сот санкциясымен оған екі айға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық істің тергелуі Ішкі істер министрлігінің бақылауында.
Алдын ала деректерге сәйкес, 55 жастағы Toyota көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында, жолдан 10 метр қашықтықта тұрған кәмелетке толмаған балаларды қағып кеткен. Сараптама оның апат кезінде мас болмағанын көрсетті.
Айта кетелік кеше Абай облысында жүргізуші алты баланы қағып кеткен еді. Үш бала оқиға орнында қаза тапқан. Қалған үш бала ауруханаға жеткізілді.
Облыстық және республикалық деңгейдегі мамандардан тұратын мультидисциплиналық бригада диагностикалық зерттеп-қараулардың барлық кешенін жүргізіп, зардап шеккендердің жағдайын бағалап, жедел емдеу жоспарын жасады.
“Стационарда зардап шеккен үш бала бар, олардың біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуі тұрақты ауыр деп бағалануда. Пациенттер жағдайының ауырлығы алынған жарақаттарға байланысты. Балаларда бассүйек-ми жарақаттары, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалардың жарақаттары диагнозы қойылған. Балалардың жағдайы тұрақталғаннан кейін оларды Астанаға әуе бортымен тасымалдау мәселесі шешілетін болады”, — делінген ДСМ хабарламасында.
Абай облысында болған жол-көлік оқиғасына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін әскери ұшақ жіберілді. Оның бортында реаниматолог, нейрохирург және травматологтан құралған медициналық бригада бар.








