Қазақстандағы ақша айырбастау орындарында доллар бағамы 540 теңгеге жетті, деп хабарлайды +7.kz.
Астана қаласындағы айырбастау орындарында АҚШ доллары 539-540 теңгеден сатылып, 532-533 теңгеден сатып алынуда. Алматы қаласында доллар 538-541 теңгеден сатылып, 534-537 теңгеден сатып алынуда.
Айта кетейік, 22 шілдеде Астанада доллар орташа есеппен 535 теңгеден сатылып, 528 теңгеден сатып алынған болатын.
Ал Алматыдағы айырбастау орындарында доллардың сату бағамы орта есеппен 532 теңге, сатып алу бағамы 530 теңге болған.
Ұлттық Банктің ресми бағамы бойынша 1 АҚШ доллары — 531,96 теңге.
Еске сала кетсек, бұған дейін Премьер-Министр Олжас Бектенов журналистердің теңге бағамы мен девальвацияға қатысты сұрақтарына жауап берген еді. Оның айтуынша, валюта бағамы тек нарықтық қағидаттарға сай қалыптасады және қазіргі уақытта ұлттық валютаның күрт құнсыздануына әсер ететін факторлар жоқ.
“Бізде бағам нарықтық факторлар негізінде қалыптасады, Ұлттық банк тарапынан ешқандай араласу болмайды. Бүгінгі таңда біздің және көптеген беделді сарапшылардың бағалауынша, теңге бағамының күрт әлсіреуіне алғышарттар жоқ”, – деп атап өткен еді Үкімет басшысы.
Кейінірек Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңге бағамына қатысты қазіргі жағдайды түсіндіріп, неге реттеуші органның валюта бағамына араласпайтынын айтқан еді.
Фото: liter.kz








