Қазіргі кезде полиция қызметкерлері әкімдік ғимаратын қоршауға алған. Оқиға орнында қазір криминалистер, төтенше жағдайлар қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
Өрттің аумағы 300 шаршы метрді құрады. Өңірлік ТЖД мәліметінше, облыс әкімдігінің шатыры соңғы рет 2024 жылы жөндеуден өткен.
“Оттың тез таралуына шатырдағы жанғыш материалдардың көп болуы — ағаш торкөз (обрешётка) әсер етті. Алдын ала себеп ретінде электр сымдарының қысқа тұйықталуы айтылып отыр. Қазіргі уақытта оқиға орнында сарапшылар жұмыс істеуде”, — деді Ақтөбе облысы ТЖД бастығының орынбасары Евгений Овчарский.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін жұмыс онлайн болады. Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты да кейінге шегерілді. Әкімдікте орналасқан Ахуалдық орталық та жұмысын уақытша тоқтатты.
Еске салсақ, кеше кешкілік Ақтөбе облыстық әкімдігі ғимаратынан өрт шықты. Өрт ауданы 300 шаршы метрді құрады. Ешкім зардап шеккен жоқ.
Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.








