Ақтөбе облысында 14 жастағы оқушы қыз босанды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтарына сілтеме жасап.
Жасөспірімнің өгей атасы күдікті ретінде танылған. 64 жастағы зейнеткер қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Тоғызыншы сыныпта оқитын қыздың әке-шешесі ажырасып кеткен екен. 14 жастағы жеткіншек анасымен бірге тұрған. Оқушының жүктілігі босанғанға дейін ешкімнің назарына ілінбеген. Білім басқармасының мәліметінше, медициналық тексеру кезінде де бұл жағдай анықталмаған.
Қазір жас ана сәбиімен бірге перзентханада жатыр. Оған психологтар көмек көрсетуде. Денсаулығы жақсарған соң ол оқуын жалғастыра бермек. Ал, күдікті азамат жәбірленушінің нағашы әжесімен заңды некеде тұрған екен.
Полиция сот-медициналық сараптама тағайындап, мәселенің мән-жайын анықтауға кірісті.
“Бұған дейін бұл қыз бала үш рет медициналық тексерістен өткен. Бірінші, мамыр айында жоспарлы скринингтен өткен. Одан кейін жазғы лагерьге демалысқа барардың алдында профилактикалық тексеруден өткен. Сонымен бірге денсаулығына байланысты медициналық тексеруден өткен. Олардың ешқайсысында да ерте жүктілік белгісі байқалмаған”, – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
Фото: depositphotos.com








