Алматы облысындағы қоқыс полигонында өртті сөндіру жұмыстары үш тәулік бойы жалғасуда, деп хабарлайды +7.kz.
Оқиға орнына ТЖД өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев келді. Жағдайды бақылау үшін тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құрылды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Өртті ауыздықтауға Алматы, Шымкент, Абай, Жетісу, Қарағанды, Түркістан және Жамбыл облыстарының ТЖД күштері мен техникалары, сондай-ақ ТЖМ-ге қарасты 52859 әскери бөлімі (Мартбек Мамраев атындағы) мен 68303 әскери бөлімі (Қасым Қайсенов атындағы) әскери қызметшілері жұмылдырылды. Барлығы 200-ден астам жеке құрам және 90-нан астам техника жұмыс істеп жатыр.
“Күндіз-түні құтқарушылар ошақтарды инертті материалдармен толтырып, топырақты тығыздау жұмыстарын жүргізуде. Бұл әдіс оттың бықсуын оттегінің қолжетімділігін толығымен жауып, өрттің түпкілікті жойылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді”, – делінген ресми хабарламада.
Өрт сөндіру алаңына су Теренқара өзенінен үздіксіз жеткізіліп жетыр. Ол үшін арнайы сорғы көлігі арқылы магистральдық желі тартылған. Дегенмен, өртті сөндіру өрт жүктемесімен, 10 метр тереңдіктегі бықсумен және жел бағытының өзгеруімен күрделенуде.
Фото: ТЖД








