Скриншот
Алматыда полицейлер мен ер адамдар тобы арасында төбелес шықты, деп хабарлайды +7.kz.
Оқиға Абылай хан көшесіндегі “Театралка” мейрамханасының жанында болған. Бейнежазбадан бірнеше ер адамның полицейлермен сөзге келіп, кейін полицейлердің бір азаматты жерге жығып, күш қолданғаны байқалады. Видеода бейәдеп сөздер де естіледі.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін таңертең 102 қызметіне қала орталығындағы мекемелердің бірінде қоғамдық тәртіптің бұзылғаны туралы хабар түскен. Шақыруға бірнеше патрульдік экипаж жіберілген.
“Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері алкогольдік мас күйде болған азаматтар тобымен бетпе-бет келді. Олар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына дөрекілікпен және агрессиямен жауап беріп, бағынбаған. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында алты азамат ұсталып, Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Олардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріледі”, – деді Алматы ПД баспасөз қызметі.
Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр.
Бұған қоса, тәртіп бұзушылар әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін де жауапкершілікке тартылады.
View this post on Instagram








