Алматыда белгілі қазақстандық әнші, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Сиқымбаеваның ұлы Баир Сиқымбаевтың денесі табылды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін ол хабар-ошарсыз кеткендер қатарында болған. Баир Сиқымбаев 24 наурыз күні үйінен шығып, содан бері байланысқа шықпаған. Бұл туралы журналист Жазира Бегалы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
“Әнші Гүлнар Сиқымбаеваның ұлы табылды. Марқұмның өлім себебі әзірге белгісіз. Бұған дейін туыстары Баирдің 24 наурыз күні үйден шығып, жоғалып кеткенін айтқан еді. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Сиқымбаеваның жалғыз ұлы болатын. Жаны жәннатта болсын”, — делінген жазбада.
Оқиғаға қатысты Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі ақпарат берді.
“Ер адамның денесі сыртқы зорлық-зомбылық белгілерінсіз кеше Алматы қаласының Бостандық ауданында табылды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда”, — деп хабарлады ведомство.
Редакция марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Еске салайық, Баир Сикымбаевты Алматыда бір аптадан астам уақыт бойы іздеген.








