Алматыда полиция қызметкерлері 2025 жылғы желтоқсан айының соңынан бері іздеуде болған 14 жасар жасөспірімді тапты, деп хабарлайды +7.kz.
Із-түзсіз жоғалған баланы іздеуге тек полиция бөлімшелері ғана емес, еріктілер ұйымдары мен белсенді азаматтар да тартылды. «Қоғам» жедел әрекет ету жасағының мәліметінше, жасөспірім 2025 жылғы 30 желтоқсанда үйінен шығып кеткен.
Жасөспірімнің жүрген жерін Жетісу аудандық полиция басқармасының криминалдық және ювеналдық полиция қызметкерлері анықтады.
1Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ. Бұған дейін де жасөспірім бірнеше рет үйінен кетіп қалған. Табылған сәтте ол тұрғылықты мекенжайынан тыс жерде қыдырып жүрген”, – деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Кәмелетке толмаған бала анасына тапсырылды. Отбасымен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, материалдар ювеналдық полицияның бақылауына алынды.
Полиция өкілдері іздестіру жұмыстарына көмектескен еріктілер мен азаматтарға алғыс айтты.
Фото: instagram.com








