Алматыда жолдағы тәртіпті күшейту жасырын патрульдеу енгізілді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
“STOP бұзушылық” атты ауқымды жедел алдын алу шарасы аясында жаңа бақылау тәсілі іске қосылған.
Енді патрульдік полиция қызметкерлері азаматтық киіммен, арнайы белгілері жоқ көліктерде жалпы көлік ағынымен бірге жүріп, жол қозғалысын бақылайды. Бұл әдістің басты мақсаты – жол ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілерді анықтау, әсіресе агрессивті жүргізу фактілерін дер кезінде әшкерелеу.
Қауіпті әрекеттердің қатарында күрт жолақ ауыстыру, “шахмат” тәсілімен жүру, өзге көліктерді қысып өту және жолда апатты жағдай туындату бар. Осындай заңбұзушылықтар анықталған сәтте, жасырын патрульдер ақпаратты бірден жақын маңдағы полиция экипаждарына жібереді. Кейін тәртіп сақшылары көлікті тоқтатып, жүргізушіні заң аясында жауапкершілікке тартады.
Бұл тәсіл өзінің тиімділігін көрсете бастады. Тек өткен демалыс күндерінің өзінде Алматыда агрессивті жүргізудің 28 дерегі тіркеліп, жолы кесілді. Барлық құқық бұзушылар тиісті жауапқа тартылды.
Полиция департаментінің мәліметінше, жасырын патрульдеу жүргізушілердің жауапкершілігін арттырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған. Әсіресе қауіпті жүргізу мәнерінен туындайтын апаттардың санын азайту – басты мақсаттардың бірі.
Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Абдинур Тасыбаевтың айтуынша, бұл әдіс көзге бірден байқала бермейтін құқық бұзушылықтарды анықтауда аса тиімді.
“Полиция қызметкерлері жалпы ағын ішінде жүріп, жүргізушілердің шынайы мінез-құлқын бақылайды. Агрессивті жүргізу – басты назарда. Мұндай деректер жедел түрде тіркеліп, тиісті шаралар қабылданады. Біздің мақсат – тек жазалау емес, қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыру”, – деді ол.
Фото: polisia.kz








